Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков автомобильдердің алдыңғы бүйір әйнектерін ақылы бояуды заңдастыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат 2024 жылдан бастап Мәжіліс алаңында да, қоғамдық талқылаулар аясында да автомобильдердің алдыңғы бүйір әйнектерін ақылы бояуды заңдастыру мәселесін көтергенін еске салды.
"Бұл шара өзекті қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру тетігі ретінде ғана емес, сонымен қатар бюджетке тұрақты салықтық емес түсімдердің тиімді көзі ретінде қарастырылады. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері бойынша, 2025 жылғы 1 мамырға елімізде 6 млн 176 мың көлік тіркелген, оның 86,5%-і жеңіл көлік құралдары. Автопарктің 5%-і қамтылған және рұқсаттың орташа құны 50 АЕК болса да, бюджетке түсетін ықтимал түсімдердің көлемі жылына 50 млрд теңгеден асуы мүмкін. Бұл қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіруге және дамытуға — автомобиль жолдарын жөндеуге және ұстауға мақсатты түрде пайдаланылуы мүмкін", - деді ол өзінің депутаттық сауалында.
Сөзінше, Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес, кем дегенде 70% жарық өткізген жағдайда алдыңғы бүйір әйнектерде тонировканы қолдануға рұқсат етіледі.
Бұл талаптар тонировканы заңдастырудың ұлттық тәсілінің негізін қалауы керек, деді ол.
"Ақылы мемлекеттік қызметтерді пайдаланудың табысты тәжірибесі бар. Мәселен, 2024 жылы бюджет VIP-мемлекеттік нөмірлерді сатудан 15,8 млрд теңге алды, бұл осындай шешімдердің тиімділігін растайды. Халықаралық тәжірибе заңдастырылған ақылы тонировканың тиімділігін растайды. Мәселен, Қырғыз Республикасында тонировкаға рұқсат беруден 2024 жылы бюджетке шамамен 4 млрд теңге түсті. Өзбекстанда жарық өткізуге рұқсат 70%-дан бастап беріледі. БАӘ мен Оңтүстік Кореяда техникалық талаптар мен баж салығын төлеу кезінде алдыңғы әйнектерді 50% және 40% дейін бояуға рұқсат етіледі", - деді Олжас Құспеков.
Депутат осы мәселеге байланысты бірқатар ұсыныс тастады.
"Біріншіден, уәкілетті органдарға рұқсаттарды ресімдеп, бюджетке тиісті алымдар түсіру үшін, кем дегенде 70% жарық өткізген жағдайда автомобильдердің алдыңғы бүйір шыныларын ақылы бояуды заңдастыру тетігін әзірлеу. Екіншіден, осы қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен атаулылығын қамтамасыз ете отырып, ақылы тонировкадан түсетін түсімдерден инфрақұрылымды дамытудың арнайы нысаналы қорын құру. Үшіншіден, техникалық байқау рәсімдері және өзге де реттеуші тетіктер арқылы жарық өткізудің белгіленген параметрлерінің сақталуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету", - деді мәжілісмен.
Бұдан бөлек қосымша ұсыныс ретінде - көлік құралының санатына байланысты рұқсат беруге сараланған тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастыру да ұсынылып отыр.