Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов қоғамдық этика мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Адал азамат" тұжырымдамасын қалыптастыру және "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру әр азаматтың ішкі мәдениеті мен өзін-өзі тәртіпке бағындыруынсыз мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті. Бірақ бүгінде біз "моральдық сүзгілердің әлсіреуін" көріп отырмыз. Дөрекілік, агрессия және бейәдеп сөздер үйреншікті құбылысқа айналып, мәдени кодымыздың негіздеріне нұқсан келтіріп жатыр", – деді депутат.
Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, моральдық тәрбие бағдарламалары мен этикалық орта қалыптастырудың тиімділігін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Мәжілісмен Жапонияда "Дотоку" атты моральдық тәрбие мектептерде міндетті пәнге айналғанын тілге тиек етті. Ал Финляндияда агрессия мен буллингтің алдын алуға бағытталған бағдарламалар қолға алынып, білім беру саласында қауіпсіз әрі этикалық орта қалыптастыруға басымдық беріледі.
Депутат осыған байланысты бірқатар ұсыныс тастады.
"Біріншіден, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін жедел анықтау үшін "Сергек" бейнебақылау жүйелерін агрессивті мінез-құлықты тану алгоритмдерімен біріктіру. Екіншіден, өңірлердегі "сөйлеу экологиясы" мен қауіпсіздік деңгейін жыл сайын тәуелсіз әлеуметтік зерттеу арқылы бағалау. Соның негізінде өңірлерде қоғамдық мәдениет индексін енгізу, оның нәтижелері әкімдердің рейтингіне әсер етуі тиіс. Үшіншіден, білім беру процесін жаңғырту мақсатында сөйлеу мәдениеті мен әдеп қағидалары бойынша модульдер енгізу, Абай қағидаттарын кіріктіру. Төртіншіден, жалпыұлттық бастаманың аясын кеңейтіп, оған "Таза ниет – Таза сөз" бағытын қосу. Бесіншіден, мемлекеттік тапсырысты зиялы әрі табысты қазақстандық бейнесін насихаттайтын контент жасауға бағыттау", – деп атап өтті ол.
Алтыншы ұсыныс – сөйлеу мәдениеті мен ұлттық әдебиетті насихаттайтын блогерлер мен инфлюенсерлерге гранттар бөлу мүмкіндігін қарастыру.