Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты мәселені шешу үшін сырттан маман тартуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Түркістанға барған сапарында жергілікті тұрғындармен кездескенін айтты.
"Ақсақалдармен кездесіп, Түркістан қаласына ерекше мәртебе алып береміз деп уәде етіп едік. Бұйырса сол уәде орындалайын деп отыр. YI ғасыр тұрған кесене аяқ асты қабырғасы тұзданып, төбесі көгеріп, суы ағып жатыр. Баяғыда айналасының бәрі қамыс болатын. Ол да оталып тасталды. Содан циркуляция бұзылды ма? Алдымен соны зерттеуіміз керек. Жылда ақша бөліп, сыртын сылай бергеннен гөрі шетелден маман шақырту керек. Премьер-министрдің атына ақша керек деп сауал жолдағанда, 600 млн теңгедей бөлінді. Ол аз ақша емес. Үкімет мүшелері, өңірдің әкімдігі келесі жылдың аяғына дейін зерттеу жұмыстарын аяқтауы керек сияқты", – деді Мақсат Толықбай.
Депутат кесененің сырты неден тұзданып жатқанына нақты қорытынды шығару қажет деген пікірде.
Бұдан басқа ол жергілікті қолөнершілердің мәселесін де көтерді.
"Жүздеген арыз-шағым біздің алдымызда жатыр. Енді мына заң жобасының аясында олардың шығыны бюджеттен өтелетін болды. Бұл да жақсы. Дегенмен баяғыда сол қолөнершілердің әдемі салынған керемет орталығы болған. Оны да сенімгерлікке беріп, қонақ үй саламыз деп быт-шытын шығардық. Соңында баратын жер таппай қалды. Орталықтағы музей де толыққанды елдің игілігіне жұмыс істеп жатқан жоқ. Бәріңіз білесіздер, барлық облыс Түркістанға бір-бір нысан, ғимараттан тарту еткен. Олар сенімгерлікке берілді. Сенімгерлікке берілмесін деген заң жоқ. Бірақ ол өзін-өзі қаншалықты ақтады? Бюджетке қандай пайда әкеліп жатыр? Осы тұрғыда да біраз дау болған. Енді әкімдіктің құзыретін заң аясында кеңейтіп жатырмыз. Осыны тексеріп, рейд жүргізген дұрыс сияқты", – деп атап өтті мәжілісмен.