"Халық арасында "тоқ бала аш баламен ойнамайды" деседі. Үкімет бағаның өсуіне байланысты сауда комитетінің төрағасын, сондай-ақ жекелеген облыс әкімдері орынбасарларын жазалады. Бірақ бұдан кейін халықтың "қарны тойғаны" шамалы. Бірде-бір өнім арзандаған жоқ. Сонымен қатар, соңғы 10 айда азық-түлік инфляциясы 23%-дан асты. Тіпті көк-сөк те қымбаттады. Енді әйелдерге бір құшақ гүлдің орнына, аскөк немесе ақжелкен сыйлайтын хәлге жетеміз-ау", - деді Жамалов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны тежей алмай отырғанын айтады. Несие қымбаттады, депозиттен түсетін сыйақы артты.
"Мысалы, Қазақстандағы инфляция шетелден әкелінген, яғни импорттың жоғары болуымен байланысты. Қазақстандықтар азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, жиһаз және басқа да халық тұтынатын тауарларды импорттайды. Тек азық-түлік импорты 4 млрд долларға жетеді", – деп атап өтті депутат.
Сондықтан ол Ұлттық банкті халыққа қолжетімді несие беруге шақырды.
"Бізге ақша ағынын отандық өндірісті дамытуға бағыттайтын тиімді ақша-несие саясаты керек. Әзірге ол тек банктер мен ірі депозит иелерінің пайдасына жұмыс істейді. Сондай-ақ импорттық жеткізілімдер саясатын қайта қарап, ЕАЭО және Орталық Азия шеңберінде импорттың жаңа тиімді жолдарын іздеп, Қазақстанның географиялық артықшылығын пайдалануды ұсынамын", – деді Аманжан Жамалов.