Депутат лотерея терминалдарының импортына тыйым салуды ұсынды

355

Халық қалаулысы елдегі заңсыз ойын автоматтарының есебін ешкім білмейтінін айтты.

Депутат лотерея терминалдарының импортына тыйым салуды ұсынды Фото: Lotomatic

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев республика аумағында орналасқан лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Елімізде "LOTOMatic", "LOTOclub" сияқты атаулармен жұмыс жасайтын "Сәтті жұлдыз" компаниясынан лицензия алған екі компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір адамдар. Біреуі ақылы арнайы лоторея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады. Лотоклубтың мәселесін заңмен қатаң шектейтініміз анық. Өйткені бұл да казиноның, құмар ойынның бір түрі", - деді ол депутаттық сауалында.

Депутат келтірген статистикаға сәйкес, жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асады. Әр облыс орталығында осындай кемі 300 терминал бар.

"Бейресми, заңсыз жұмыс жасап жатқан тажал ойын жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді. Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіре берісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай да лоторея сататын автомат емес. Ол нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бірмезетте алатын ойын автоматтары", - деп жалғастырды Бейсенбаев.

Халық қалаулысының сөзінше, ойын автоматтарының жұмысын қадағалап жатқан ешкім жоқ. 

"Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық", - деді ол.

Бейсенбаев терминалдар бақылаусыз орнатылып жатқандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейтінін жеткізді. Сонымен қатар ойын автоматтары мен оларға қажетті жабдықтар толықтай шет мемлекеттерден тасымалданатынын баса айтты. 

"Еліміздегі бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шет елдерден Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салуды қолға алуымыз қажет", - деп түйіндеді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу