Депутат Майқайыңдағы апат туралы: "Шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен"

895

"Майқайың Алтын" акционерлік қоғамының 100 пайыз акциясы Кипрде орналасқан компанияға тиесілі. 

Депутат Майқайыңдағы апат туралы: "Шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен" Фото: aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Майқайың шахтасында болған апаттың салдары туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы "Майқайың Алтын" акционерлік қоғамы аумағында орын алған апат қабырғамызды қайыстырды. Кәсіпорында қызмет атқаратын төрт бірдей азамат автобус ішінде кенеттен опырылған жер астына құлады. Оның екеуі мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі де беймәлім. Он күннен астам уақыт іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Әлі автобуста қалған екі азаматымыз да табылмады. Қақаған қыстың ызғарына қарамастан тәулік бойы жүріп жатқан құтқару жұмыстарына облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен басшылығы қатысып отыр", - деді депутат.

Халық қалаулысы әрбір отбасына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын баса айтты.

"Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана. Кентте тұратын "Шанхай" шағын ауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан", - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Депутаттың дерегінше, "Майқайың Алтында" мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді.

"Майқайың Алтын"  ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, "Майқайың Алтын" өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан "Rence Enterprises LTD" компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадағалауға алады", - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Депутаттың айтуынша, орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына Прокуратура әділетті бағасын беруі қажет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу