Депутат мүгедектердің күтімін жасайтындарға әлеуметтік мәртебе беруді сұрады

1894

Депутат мүгедектердің күтімін жасайтындарға әлеуметтік мәртебе беруді сұрады

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов үкіметтен мүгедек балалардың қамқоршыларына әлеуметтік мәртебе беруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаты премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, елімізде мүгедек балаларды күтіп-бағып отырған қамқоршыларға ешқандай жағдай жасалмағанын айтты. Тіпті, оның айтуынша, қамқоршыларда зейнетке ерте шығу бойынша жеңілдіктер де жоқ. 

"Мүмкіндігі шектеулі баласын бағып отырғандардың, әсіресе, жалғызбасты аналардың тұрақты жұмысқа шығу мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты зейнетақы аударымдары да жасалмайды. Ал жұмыс істейтін ата-аналар үшін кезектен тыс демалыс, мүгедек баласының күтіміне байланысты қысқартылған жұмыс күні де қарастырылмаған", — деді Магеррамов.

Депутат мүгедек балалардың ата-аналары қоғамдық көлікпен жеңілдікпен жүре алмайтынын да атап өтті. Тіпті, оларда техникум мен жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсу мүмкіндігі де жоқ.

"Мүгедек баланың қамқоршысына әлеуметтік мәртебе беру мүмкіндігін қарастыруды және қамқоршылық алу тәртібін қайта қарауды сұраймыз. Бұған қоса, Даун синдромы, аутизмі бар балалардың кәмелетке толғаннан кейін әрекетке қабілеттілігін анықтау туралы шешімдерін қайта қарауды өтінеміз", — деді мәжілісмен. 

Оның айтуынша, мүгедектік тобын, атап айтсақ, Даун синдромын анықтау тәртібі мен нормативтерде бірқатар проблема бар. Көп жағдайда балаларға олардың жағдайына сәйкес келмейтін топ беріліп, соның кесірінен ата-аналарға айқын дүниені дәлелдеп жүреді. Қамқоршылық құжаттарын рәсімдеуге жеті айдан тоғыз айға дейін уақыт кетеді, олар осы уақыт бойы жәрдемақыдан құр қалады. Даун синдромы мен аутизмі бар кәмелетке толғандарға тағы бір ай психиатриялық емханада жатуға тура келеді.

"Бұдан бөлек, қамқоршылардың банк карточкасын алуға мүмкіндігі жоқ. Жәрдемақы банктегі шотқа аударылады, қамқоршы банкке келіп, жәрдемақы алу үшін ұзын-сонар кезекте тұруы қажет", — деді ол. 

Алайда, депутаттың айтуынша, әуре-сарсаң мұнымен де аяқталмайды. 

"Ай сайын қамқоршы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының атына банктегі шоттан белгілі бір соманы шешіп алуға рұқсат сұрап, өтініш жазуы тиіс. Өтініште ақшаның қайда жұмсалатыны толық жазылуы керек", — дейді Магеррамов. 

Осыған байланысты, мәжілісменнің пікірінше, мүгедек балаларды күтіп-бағып отырған қамқоршыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жолдары түбегейлі өзгертілуі қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу