Аталған жиында депутат Нартай Аралбайұлы елдегі авторлық қоғамдардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат 14 жыл бұрынғы оқиғаны еске алып, журналистік зерттеуі барысында бір күнде қос ақынының туындысына авторлық иелік еткенін айтты.
– Мемлекет басшысы "Біз елімізде креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық құралдармен қорғалуы қажет" деді. Бірақ, осы зияткерлік меншігінің құқығын қорғау барысында да бізде көп мәселе бар. Неге? Өйткені, біз креаторларды тізімге қосып алғанға мәзбіз. Бірақ, олардың авторлық құқығын қорғауға келгенде ешкім бас ауыртқысы келмейді. Қашанғыдай әр креатор адвокат жалдап, сан соғып, сабылып жүруге мәжбүр.
Елімізде 15-16 авторлық қоғам бар. Олардың жұмысына да көптеген сын айтылады. Бір үлкен мәселе авторлық қоғамға шығармашылық адамдардың туындыларын тұтынған үшін түсетін ақшаның 70 пайызын авторлық қоғам өзі алып қояды, 30 пайызын авторға береді. Айта кетейін, 2010 жылы журналистік зерттеу жүргізіп, авторлық қоғамға барып, 20 мың теңге төлеп, Жұмекен Нәжімеденов пен Мұқағали Мақатаевтың бір-бір өлеңінің авторы атанған адаммын. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Мұқағали мен Жұмекенді тексермегенде, басқаны тексере ме? – деп ашынды депутат.