Депутат пилоттық бағдарламалардың көпшілікті мезі еткенін айтты

Нұрлан Әуесбаев депутаттық сауалын ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа жолдады.

Депутат пилоттық бағдарламалардың көпшілікті мезі еткенін айтты Фото: Мәдениет порталы

Ол білім саласындағы қажетсіз пилоттық бағдарламалардың көп екенін айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, білім мен тәрбие – ұлтымыздың болашағының айнасы. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да барша білім беру ұйымдарына арнап "Біртұтас тәрбие бағдарламасын" енгізуді ұсынды. Бұл құжатта жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Бірақ, мектептерде "пилоттық" деп басталатын қажетсіз жобалар да жоқ емес. 

– Әрине, мұндай кешенді жан-жақты сұрыпталған бастамалар қажет. Бірақ ұстаздар мектептерге қайта-қайта енгізіле беретін түрлі "пилоттық" деп аталатын жобалар мен бағдарламалар соңғы кезде ұстаздарды да оқушыларды да мезі қыла бастағанын атап өтуде. Алғашқысын толық меңгеріп болмай жатқанда, үстіне келетін келесілері білім берудегі жүйені тежеп, кейде мүлде құлықсыз әрекеттерге итермелеп жіберетінін айтуда.

Шындығында біздің елде білім саласында пилоттық бағдарламалардың көп екенін мойындау қажет. Тіпті, үнемі айтыла беретін болғандықтан "пилоттық" деген сөзге құлағымыз үйреніп кеткені сонша, маңызына мән бермейтін болып кеттік. Мұндай пилоттық жобалардың зардабы оқушының түпкі білімін түбегейлі тежеп тастамауына кім кепіл. Түркістан облысының аудандарындағы мектептерде болған кездесуде ұстаздар осы мәселеге алаңдаушылық танытып отыр, – деді ол. 

Нұрлан Әуесбаев былтыр білім беру ұйымдарына өткен 20 бірдей пилоттық жобаны санамалап шықты. 

– Кейбірінің атын атап, түсін түстеу де қиын. Мысалы: "Е-асхана", "Е-Кітапхана", "BilimLand" сынды автоматтандырылған жүйелермен қоса "Alagan", "Tolem" жобалары, "MATATALAB", "Gode play" цифрлық кешенді білім беру жүйесі, "IoT board", "Codrone", "Intellectum" вертуалды ойындары сынды жаңа технологиялар енгізілген. Білім беру ұйымдарында инновациялық деп енгізілген аталмыш бастамалар қаншалықты нәтижелі болып отыр? Шындығына келгенде бүгінде осы жобалардың қаншасы толықтай жүзеге асты? Нәтижесі күмәнді кейбір бастамаларды қабылдап, мұғалім мен оқушыны және мектеп әкімшілігін артық әуіреге салудың қажеті бар ма? – деген ол сөзін былайша жалғастырды. 

"Жоғарыдағы аты аталған және аталмай қалған жобалардың арасынан бір ғана "MATATALAB" бағдарламасын зерделеген шағымызда бағдарламаның 2002 жылдары Мәскеудің жекеменшік мектептеріне енгізілген жоба екенін байқадық. Ал мұндай жобалардың біздің елдің төл білім беру стандарты мен талаптарына қаншалықты сәйкестендіріліп жатқанын, тіпті оның біздің оқушыларға қажет дүние екендігін қандай институт не қандай ғалымдар тобы мақұлдағағаны туралы да толыққанды ақпараттар некен-саяқ", - деді Нұрлан Әуесбаев. 

Сөз соңында депутат саны бар сапасы жоқ пилоттық бағдарламаларды зерделеп, мемлекеттің қаражатын ысырап етпеу мақсатында тиісті шешімдер қабылдауды сұрады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу