Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шетелдік азаматтарға екінші деңгейлі банктер арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін беруге тыйым салуды ұсынды.
"Бірқатар қазақстандық БАҚ-та Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүктемені азайту мақсатында екінші деңгейдегі банктер арқылы шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін алу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету туралы шешім қабылданғаны туралы ақпарат шықты. Іс жүзінде ЖСН кез келген шет мемлекеттің азаматы ХҚКО-ға жүгінбей-ақ ала алады. Ел азаматтары бұл ақпарат туралы білгеннен кейін экономикалық қауіпсіздік пен ЖСН-ды алуға құқығы жоқ адамдарға олардың жеке қатысуынсыз берудің дұрыстығына алаңдаушылық білдіреді. Мұндай күдіктің туындау себебі көрші елдерден ЖСН-ды және банк картасын Қазақстан аумағына жеке азаматтардың кірмей-ақ ақылы түрде алуға болады деген әлеуметтік желілердегі ақпарат таратылуына байланысты болып отыр", - деді ол.
Халық қалаулысы уәкілетті органдардың мұндай ақпаратты ресми түрде теріске шығармағанын жеткізді.
"Ішкі істер министрінің бұйрығымен "Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және түзету" Мемлекеттік қызмет көрсету Қағидалары бекітілді, оларды берудің нақты рәсімдері айқындалған. Қағидаларға сәйкес құжаттарды қабылдау және Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру тек ХҚКО немесе egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. ЖСН беру қызметтерін көрсету тізімінде екінші деңгейдегі банктер жоқ", - деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, ЖСН иеленуші бейрезидентке қазақстандық компанияларды құруға, бизнесті ресми жүргізуге, жеке және заңды тұлғалармен сенімгерлік қатынастарға түсуге кең мүмкіндіктер ашылады. ҚР азаматтары шетелдіктің қазақстандық ЖСН бар екенін біліп, жеке нөмір берілмес бұрын оның деректерін уәкілетті органдар тексергеніне, басқа елдің азаматы Қазақстан аумағында физикалық тұрғыда екеніне сенімді, деді ол.
Депутат бұл елдің мемлекеттік және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді деп отыр. Себебі ол көлеңкелі экономика үшін қолайлы ортаны қалыптастыруға, алаяқтықтың таралуына ықпал етеді, сонымен қатар халықаралық санкцияларды айналып өту тәуекелдерін тудырады.
Осы мәселеге байланысты Мұрат Әбенов бірқатар ұсыныс тастады:
- ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі екінші деңгейдегі банктерге ЖСН беруге рұқсаттың күшін жойсын;
- ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне мемлекеттік функцияларды жеке ұйымдарға беру бөлігінде заңнаманы бұзу мүмкіндігін тексеру.