Депутат шетелге мұнай сату квотасын ұлғайтуды ұсынды

Мәселе Қызылорда облысының мұнайшыларына қатысты. 

Депутат шетелге мұнай сату квотасын ұлғайтуды ұсынды Фото: Қазалы

Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында Қызылорда облысының мұнайшыларына шетелге көбірек мұнай сатуға рұқсат беруді ұсынды.

Депутат айтқан деректер бойынша, Қызылорда облысының мұнай өндіруші компаниялары өндірілген мұнай өнімдерінің 80%-ын ішкі нарыққа сатады, ал 20%-ы ғана экспортқа кетеді. Бұл ретте ішкі нарықтағы мұнай баррелінің құны әлемдік бағадан 2,5 есе төмен. Демек, мұнайшылар айтарлықтай табысынан қағылуда.

Мәселен, өткен жылы облыста 4 млн тонна мұнай өндіріліп, жалпы табыс 78 млрд теңгені құрады. Оның 30 млрд теңгесі – сыртқы нарыққа сатудан түскен табыс болатын. Шетелге сату квотасы 50%-ға дейін ұлғайған жағдайда Қызылорда облысының өндіруші компанияларының жалпы табысы 105 млрд теңгені құрайтын еді.

"2017 жылдан бері Энергетика министрлігі "Кенкияқ-Атырау" реверсі жобасы іске қосылғаннан кейін ғана Қызылорда облысына экспорт квотасын ұлғайту мүмкіндігін қарауды ұсынып келді. Бұл жоба Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін 80%-тен 50%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік беруі тиіс еді. Алайда, 2021 жылы аталған реверс қолданысқа берілгенімен Энергетика министрлігі Қызылорда облысында мұнай көлемінің сарқылуына байланысты квотаны ұлғайтудың мүмкіндігі жоқ екендігін білдіріп отыр", - деді Руслан Рүстемов.

Депутаттың пікірінше, ішкі нарыққа сатылатын мұнайдың 30% айырмашылығы басқа мұнай өндіруші компаниялармен қабаттасуы мүмкін. Оның үстіне, бұл еліміздің ауқымында Қызылорда мұнайшыларының көрсеткішіндей 30% емес, жалпы өндіру деңгейінің 1-2%-ы ғана.

"Экспорт көлеміне қосылатын 1,2 млн тонна мұнай айырмашылығын Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы мұнай өндіруші компаниялары арқылы ішкі нарық қажеттілігін жабудың мүмкіндігін қарастырған жөн деп есептеймін. Аталған мәселе Үкімет тарапынан егжей-тегжейлі қаралып, қолдау тапқан жағдайда Қызылорда облысындағы бірқатар өзекті әлеуметтік проблемалардың шешімі табылатыны, атап айтқанда, мұнай сервистік мекемелері тарифтерінің, жұмысшылардың айлық табысының және салық түсімдерінің ұлғаюына оң әсерін берері анық", - деді Руслан Рүстемов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу