Депутат соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтару туралы: "Халыққа ұнамды шешімді ғана қабылдамауымыз керек"

4864

Бұл туралы Мәжіліс кулуарында депутат Асхат Аймағамбетов айтты.

Депутат соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтару туралы: "Халыққа ұнамды шешімді ғана қабылдамауымыз керек" Фото: tengrinews.kz

Журналистер халық қалаулысынан соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтаруға қатысты пікірін білді, деп жазады inbusiness.kz.

"Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысады деп ойлаймын. Негізі біз тек қана ұнайтын шешімдерді ғана емес, мемлекеттік қызметші болғаннан кейін ұнамайтын, бірақ елге керек шешімдерді де қабылдай білуіміз керек. Сол шешімнің бірі (авт. – соңғы қоңырау күнін ауыстыру) қабылданған болатын. Енді әрине ол басым көпшілікке ұнамайтыны түсінікті. (...) Мысалы, біз директорлардың жұмыс істеу мерзімін тек қана 5 жылмен шектедік. Ол директорларға ұнады деп ойлайсыздар ма? Әрине ұнамайды. Бұдан басқа жоғары оқу орнын бітіріп, педагогикалық білім бойынша диплом алып шыққан азаматтарға мектепке тұру үшін тек диплом ғана емес, емтихан тапсырып, өз пәні бойынша тестілеуден өту керек дедік. Соның тоқсаннан астам пайызы өз пәні бойынша төртінші курсты бітіргеннен кейін тестілеуден өте алмады. Соған байланысты біз отыздан астам университеттердің лицензиясын алдық. Бұл да университеттерге, сол жылы ЖОО-ны бітіргендерге ұнамайтын шешім болды", - деді ол.

Тілші депутаттан "Бүгінде балалар кітаптарын тапсырып үлгерді, сабақ оқымай бос отыр деген ақпаратқа қатысты не айтасыз?" деп сұрады.

"Сіз айтып жатқан мәселе барлық мектептерде бірдей болып жатыр деуге болмайды. Бұл мәселемен министрлік дербес айналысып, тиісті шешім қабылдайды деп ойлаймын", - деп түйіндеді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу