Еліміздің бас қаласы Астана келешекте Нұрсұлтан, Назарбаев немесе Назарбаев-Астана деп аталуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясын" қабылдағаннан кейін Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Бұл мәселені біз әлі ақылдасып, кеңесетін боламыз. Нұрсұлтан, Назарбаев, Назарбаев-Астана деп те атауға болады. Бұл халықтың ұсынысы. Біз оны бүгінгі декларациямызда көрсеттік, депутаттар қолдады. Мәселе осыдан 5 жыл бұрын еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өткен кезде де көтерілген болатын. Оған Елбасының еңбегі бар. Осы Астана қала болғаннан кейін экономикасы, тұрмысы қаншалықты көтерілгенін білеміз. Бұрынғы ескі қалада қаншама үйдің саз астында қалғанын көз көрген адамдар жақсы біледі. Қазіргі Астананың өзі жер мен көктей. Бұрынғы Целиноградпен салыстыруға келмейді", – деді Сұлтанов.
Депутат қаланың атауын өзгерту мәселесін Қазақстан Президентімен ақылдаспағандықтарын баса айтты.
"Бұл гүлденіп келе жатқан еліміздің болашағы үшін қажет және оған Елбасының толықтай еңбегі бар. Осыдан 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы мұндай ұсынысты құптамаған еді. Осы жолы тағы да ұсыныс беріп отырмыз", – деді ол.