Депутат тегін үй кезегіне тұру мақсатында өтірік ажырасатындардың былығын әшкереледі

395

Кей жылдары елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталған. 

Депутат тегін үй кезегіне тұру мақсатында өтірік ажырасатындардың былығын әшкереледі Фото: canva.com

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мемлекеттен көмек алу мақсатында өтірік ажырасатындар саны көбейгенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің бірі Қазақстан болды. Деректерге сүйенсек, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,3 адамды құрайды. 2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасты.  Тіпті кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталды. Осы ажырасқан отбасылардың көп бөлігі қала тұрғындары",  деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың сөзінше, жергілікті жерлерде жалған ажырасу фактісі көбейген. 

"Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай  жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етуде. Мұндай қадамға барған жанұялар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады", – деп атап өтті мәжілісмен.

Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, олардың арасында мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген жағдайы бар отбасылар да кездеседі. 

"Тегін келетін үйдің кезегіне тетігін тауып тұрып алған. Тіпті, зәулім үйлерде тұрып, атаулы әлеуметтік көмекті алудан да бас тартпай отырғандар қаншама?! Соңғы уақытта сот тәжірибесінде де "жалған ажырасу" деген тіркес жиі айтыла бастады. Бұл жағдай ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасуын алдын алу маңызы екенін тағы да көрсетеді. Құқықтық тұрғыда бағалайтын болсақ, "жалған некенің"  де, "жалған ажырасудың" да табиғаты – алаяқтықпен тең. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін "Неке және отбасы туралы" заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ",  деп жалғастырды ол.

Мәжілісмен қолданыстағы заңды жетілдіру қажеттігін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу