Депутат: Үкіметтің басты кемшілігі жалған статистиканы пайдалануы

423

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы  166 мың теңгені құрап отыр.

Депутат: Үкіметтің басты кемшілігі  жалған статистиканы пайдалануы

Бүгін депутаттар аяқасты өтірікті шындай қылып айтуға әуес санақшыларға шүйлікті. Ресми сандардың шынайы өмірмен мүлде сәйкес келмейтінін түсінген мәжілісмендер "кедей халықтың табысы артты дегенге ешкім сенбейді" десті. Мысалы, дүкенге барудан қорқып қалған Елнұр Бейсенбаев: "Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған" деген статистикадан шалқасынан түсіпті. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейтінімізді білгенде, не күлерін, не жыларын білмей қалғанға ұқсайды. 

"Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы  166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Бұдан бөлек, мәжілісмен азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты сандар да шынайы ахуалмен сәйкес емес деп отыр. Ал, ел экономикасы дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне саналатын жұмыссыздық бойынша статистика да сынға ұшырады. Ресми деректерде еңбек етпейтін жастардың саны 80 мың. Депутаттың айтуынша бұл көрсеткіш 750 мың екен. Яғни ресми деректен 10 есеге көп.  

"Жалпы, Үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі  жалған статистиканы пайдалануы. Статистика  елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуы тиіс. Дегенмен, Үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі, көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде орын алып отыр. Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуі тиіс", - деген оймен бөлісіт ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу