Депутат Жаңаөзендегі жұмыссыздықты шешуге өз ұсынысын айтты

1369

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін Үкіметке қалада ірі өндірістер құруды, мұнай өңдеу зауытын салуды және Өзен кен орнының терең қабаттарының геологиялық барлау жұмыстарын жеделдетуді ұсынады.

Депутат Жаңаөзендегі жұмыссыздықты шешуге өз ұсынысын айтты

"Соңғы күндері Маңғыстау облысында, соның ішінде Жаңаөзенде болып жатқан жұмыссыздыққа қарсы акциялар тек өңірдің ғана емес, бүкіл елдің жұртшылығын толғандырады. Қаңтардың қайғылы оқиғаларының басталуы Жаңаөзендегі бейбіт акциядан басталды. Ресми себеп сұйылтылған газ бағасының қымбаттауы деп аталғанымен, негізгі проблема мұнайшылар қаласында жаппай жұмыссыздық, азық-түлік тауарларының қымбаттауы, әлеуметтік деңгейдің төмендеуі болып отыр", – деп атап өтті Алдашев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Ол Жаңаөзенде осындай жағдай 2011 жылы да болғаны, сол кезде халықтың алаңға шығуының басты себебі "халықты жұмыспен қамту мәселесінің шешілмеуі" болғанын еске салды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шараларға қарамастан, проблемалар сол күйі қалып отыр. Жаңаөзен тұрғындарының мұнай өндіру процесінен тыс қалуына байланысты да жағдай шиеленісе түскен. Осыған байланысты, Алдашевтің пікірінше, үкімет пен "ҚазМұнайГаз" Өзен кен орнын игеру үшін қажетті пластикалық құбырлар мен бұйымдарды өндіру және жөндеу бойынша ірі кәсіпорындар құруы, кен орнына қажетті жабдықтар, материалдар тізімін жасауы, оларды ұзақ мерзімді кезеңдерге тікелей тапсырыс бойынша жергілікті шағын және орта бизнеске беруге тиіс. 

"Қолмен басқару режиміне көшу үшін Өзен кен орнына "ерекше аумақ" мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Қажет болған жағдайда "Өзенмұнайгаз"АҚ жарғысына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Билік жылына 1 миллион тонна мұнай өңдеу зауытын салу негіздемесін қарастырып, Өзен кен орнының терең қабаттарында геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарын жеделдетіп, 2025 жылға дейін есеп дайындауы керек", – дейді сенатор.

Айта кетейік, ақпанның басында Жаңаөзен қаласының жұмыссыз тұрғындары наразылық акциясына шығып, мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыруды талап етті. Бір аптадан астам уақыттан кейін облыстық жұмыспен қамту комиссиясы тұрғындарға үш бағыт бойынша жұмыс орындарын ұсыну туралы шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу