Депутат: Жаппай көкпарда көбіне күш көрсету алдыңғы орынға шығып кеткен

Оңтүстік өңірлерде биылғы наурыз-сәуір айларының өзінде 80-нен аса ресми ойын тіркелген.  

Депутат: Жаппай көкпарда көбіне күш көрсету алдыңғы орынға шығып кеткен Фото: azattyq-ruhy.kz

Халық қалаулысы Болат Керімбектің сөзінше, мұнан бөлек, ас пен той аясында өткізілген бақылаусыз көкпар өте көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депуттат сол себепті Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдаған. Ол қазірден бастап қауіпсіздікке назар аудамаса болмайтынын айтады. 

– Ұлтымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көкпар ойыны – ұлттық рух пен болмыстың, ұлттық сананың ажырамас коды. Бүгінде жаппай көкпардың ауқымы кеңейіп, халық қызығушылығы жоғары мәдени-спорттық шараның біріне айналды.

Әсіресе, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облысында жаппай көкпар кең таралған. Осы өңірлерде өткен жылдың қараша-желтоқсан айында 130-ға жуық, биылғы наурыз-сәуірде 80-нен астам ресми ойын тіркелді. Бұл – есепке алынған жарыстар ғана. 

2025 жылдан бастап бұл саланы реттеу бағытында бірқатар шара қабылданып, "Жаппай көкпар" федерациясының қызметі жанданды. Десе де, іс жүзінде ортақ ереже сақталмай келеді. Көп жағдайда ойын барысында күш көрсету алдыңғы орынға шығып, федерацияның үйлестіру жұмысының әлсіздігін байқатады, – дейді Болат Керімбек. 

Ол қатысушының жас ерекшелігі де ескерілмейтінін еске салған. Олардың саны шектелмейтіні тағы бар. Кей жағдайда 400-500 адамнан бастап 1500-2000 көкпаршыға дейін қатысатын үлкен ойын өтеді. Мұндай жағдайда спорттық тәртіп пен қауіпсіздік талабын сақтау мүмкін де емес секілді. 

– Көкпар жылқысын баптау мен пайдалану тәртібі де нақты реттелмеген. Атқа күш қолдану, допинг пайдалану, әдейі соқтығысу дерегі жиі кездеседі.

Соңғы оқиғалар жаппай көкпар өткізу кезінде қауіпсіздік, ұйымдастыру және бақылау мәселесінің өзектілігін көрсетті. Қатысушылар денсаулығына қауіп төнуі мен жылқының жарақат алуы ықтимал болғанына қарамастан, медициналық көмек көрсету тәртібі толық реттелмеген.

2026 жылғы 26 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданында көкпар жаттығуы кезінде 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, шара жергілікті тұрғын бастамасымен ресми келісімсіз ұйымдастырылған, қатысушы спорт секциясында тіркелмеген, қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі ашық қалған. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тергеу жүргізілуде.

Бұл жағдай ұйымдастырушы жауапкершілігін нақтылаудың, медициналық және ветеринарлық сүйемелдеудің бірыңғай стандартын енгізудің, рұқсатсыз өткізілетін ойынға бақылауды күшейтудің маңызын көрсетеді, – дейді ашынған депутат. 

Осы орайда ол Үкіметтен жаппай көкпарға арналған қауіпсіздік стандартын заңнамалық деңгейде бекітіп, қатысушы санына, медициналық және ветеринарлық бақылауға міндетті талап енгізуді, Туризм және спорт министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті атқарушы орган және федерация арасындағы құзыретті нақтылауды және қауіпсіздік талабын сақтамай немесе рұқсатсыз көкпар өткізген ұйымдастырушының жауапкершілігін күшейтуді сұрайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу