Депутат жастар арасында есірткінің жаңа түрі таралғанын айтып, дабыл қақты

208

Азот тотығы – медициналық процедураларда қолданылатын күшті зат. 

Депутат жастар арасында есірткінің жаңа түрі таралғанын айтып, дабыл қақты Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қазақстанның жастары есірткінің жаңа түріне тап болды деп дабыл қақты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Есірткінің жаңа түрі ресми түрде есірткілер тізімінде болмаса да, оның әсері нашақорлықтың алғашқы сатысы болуы мүмкін. Азот тотығы медициналық процедураларда қолданылатын күшті заттардың тізіміне енгізілгеніне қарамастан, мейрамханаларда, барларда және түнгі клубтарда "күлкі тудыратын шариктер" деп аталып, танымал ойын-сауық құралына айналды. Медицина және наркология саласының мамандары азот тотығының адам ағзасына кері әсері бар екенін айтты", – деді мәжілісмен.

Темір Қырықбаевтың айтуынша, соңғы бір жылдың ішінде елімізде "күлкі тудыратын шариктерден" кейін есін жоғалтқан, ауыр жарақат алған және жол-көлік оқиғаларына түскен жастардың саны өсіп келеді. 

"Елімізде бұл газдың заңсыз айналымы үшін нақты қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған.  Мәселен, Ұлыбритания 2023 жылы азот тотығын есірткі заттары қатарына қосып, заңсыз сатқандарға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын бекітті. Нидерланды болса, бұл газды көңіл көтеру мақсатында пайдалануға толық тыйым салды. Көршілес Ресей 2021 жылы бұл заттың заңсыз айналымына тосқауыл қойды",  деді ол.

Депутат осыған байланысты бірқатар ұсыныс тастады.

"Азот тотығының заңсыз айналымы үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікті белгілеу мақсатында Қазақстан заңнамасына өзгерістер енгізу жөнінде ұстаным ұсынуды сұраймын. Бұдан бөлек осы заттың таралуы мен қолданылуын, сондай-ақ оны еркін сатудың шектеулерін бақылауды күшейтуді, құқық қорғау органдарына алдын ала шағым жасамай-ақ, "күлетін газды" заңсыз пайдалану мүмкін болатын мекемелерге тексеру жүргізу үшін қосымша өкілеттіктер беруді және жастар мен оқушылар арасында "күлетін газдың" медициналық емес мақсатта пайдаланудың зияны туралы профилактикалық және түсіндіру іс-шараларын жүргізуді сұраймын", – деді Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу