Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін көтерді

537

Ол тиісті депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін көтерді Фото: baq.kz

"Біздің елдегі статистика деген құдырет өтіріктен өрнек тоқуды доғармай тұр. Соңғы үш жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небәрі 4,9 пайызы, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді", - деді ол.

Мәжілісменнің мәліметінше, республикада 6 млн-нан астам жас азамат бар. NEET жастардың саны 422 мыңға жетті. Олармен де нақтылы жұмыс істеліп жатқан жоқ, деп жалғастырды халық қалаулысы.

Депутат еліміздегі жастар жұмыссыздығының мәселесін нақты деректермен көрсетті.

"Бүгінгі таңда жұмыссыз жастардың саны – 80 мың. NEET жастардың саны –  422 мың. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 408 мың деп келтіріледі. Аталған үш көрсеткіш арқылы құзырлы органдар елдегі жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын әдейі әдемі жасыруға тырысқанын байқауға болады. Бұл деректерді ортаға салсақ, 900 мыңнан аса жас азаматтың жұмыссыз екені анық көрінеді", - деп атап өтті Нартай Сәрсенғалиев.

Мәжіліс депутаты ЖОО түлектерінің 30 пайызы бірден жұмыс таба алмайтынын тілге тиек етті. Салалық министрліктердің бұл проблемамен күресудің орнына бір реттік грант, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, жастар практикасы деген науқандық шараларды ұйымдастыратындарын жеткізді. 

"Жастар елдегі жұмыс күшінің 40 пайызын құрайтынын ескеріп, Үкімет оларды тұрақты жұмыспен қамтып, лайықты жалақымен қамтамасыз еткенде, қазақ жастары Кореяға қара жұмысқа кетпес еді, Еуропаның даласында пияз теріп, ақша тауып жүрмес еді. Америкаға барып, нан табудың, жан бағудың тәсілін іздемес еді", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу