Депутаттар әлеуметтік маңызы бар тауарларға киім-кешек пен аяқ киімді қосуды ұсынды

650

Сонымен қатар депутаттар ол тізімге негізгі дәрі-дәрмектер мен жеке гигиена құралдарын қосуды да ұсынып отыр.

Депутаттар әлеуметтік маңызы бар тауарларға киім-кешек пен аяқ киімді қосуды ұсынды Фото: inbusiness.kz

"Ақ жол" партиясы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың  атына әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

Мәжіліс депутаты Асқар Садықовтың сөзінше, Қазақстанда инфляцияның жоғары қарқыны сақталып отыр. Бұл өз кезегінде халықтың, соның ішінде аз қамтылған отбасылардың өмір сүру деңгейіне соққы болып тиеді.

"Ұлттық Банк пен үкіметтің бағаны ұстап тұру жөніндегі шаралары тек отандық өндірушілерді тежеуді ғана көздейді, ал әкімдіктер кәсіпкерлерден өзіндік құнға қарамастан өз тауарларының бағасын көтермеуді талап етеді. Бұдан басқа жуырда Ұлттық экономика министрлігі шілде айынан бастап электр энергиясына тарифтердің 10 пайыздан 30 пайызға дейін өсетінін хабарлады. Бұл өсім өндіріс пен сауданың бүкіл тізбегі бойынша қосымша шығындар әкелуі мүмкін деп айтуға болады. Яғни өндіріс процесінде электр энергиясы мен оған жұмсалатын шығындардың маңызды рөл атқаратынын ескерсек, бұл инфляцияның жаңа тізбегіне әкелуі мүмкін", - деді депутат.

Оның айтуынша, егер кәсіпкерлерге тауарларды арзанырақ сатуға мәжбүрлесе, онда мұндай бизнес құрдымға кетеді.

"Мемлекеттің халықтың әлеуметтік осал топтары үшін инфляцияның салдарын азайтуға бағытталған ұмтылысын түсінеміз. Бірақ бұл жағдайда барлық мәселені кәсіпкерлердің мойнына жүктемей, оны жан-жақты шешу қажет. Кәсіпкердің міндеті – табыс табу, басқаларға жұмыс беру және мемлекетке салық төлеу. Кедейлерге қамқорлық жасау – Үкіметтің міндеті. Бірақ мұнда да бизнес мемлекетпен ілесуге дайын, бірақ олар тауарларының өзіндік құны шегінен аса алмайды. Министрліктер мен әкімдіктердің саудадағы делдалдармен күресі дұрыс, бірақ бұл жұмыстың тек жартысы ғана. Энергетикадағы делдалдар, сондай-ақ монополистердің өз сәтсіздіктері мен ұрлығын қайтадан халық пен бизнеске итеруге деген ұмтылысы одан да көп зиян келтіреді", - деді Асқар Садықов.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы энергетикадағы олигополияларға қарсы күрес инфляцияны тежеудің маңызды бөлігі болуы қажет деп есептейді. 

Депутат әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндірушілерге электр энергиясына және басқа да коммуналдық шығыстарға белгіленген тарифтерді бекітуді немесе осындай тарифтерге нысаналы субсидиялар белгілеуді ұсынып отыр. 

"Әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірілетін шикізат пен материалдарға арналған шығыстарды отандық қайта өңдеушілерге субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды, халыққа арналған әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне азық-түлік өнімдерін ғана емес, сонымен қатар негізгі дәрі-дәрмектерді, киім-кешек пен аяқ киімді, жеке гигиена құралдарын енгізуді ұсынамыз", - деп түйіндеді Асқар Садықов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу