Депутаттар балық шаруашылығына жауапты дербес мемлекеттік орган құруды ұсынды

1065

90 жылдардан бастап экономиканың жетекші саласы болған балық шаруашылығына жете көңіл бөлінбеуінен ол құлдырауға ұшыраған.

Депутаттар балық шаруашылығына жауапты дербес мемлекеттік орган құруды ұсынды

Сенаторлар үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында балық шаруашылығына жауапты дербес мемлекеттік орган құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов ел экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі балық шаруашылығы екенін атап өтті.

"Кеңес Одағы тұсында республикада арнайы балық шаруашылығы министрлігі құрылып, жүйелі мемлекеттік саясат қалыптасқан болатын. Осының нәтижесінде барлық облыста балық зауыттары мен комбинаттары, өндірістік бірлестіктері жұмыс істеді. Балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі кей жылдары 111 мың тоннадан асты. Бірақ, қазіргі уақытта балық шаруашылығының мүмкіндігі толық пайдаланылмауда", — деді депутат сенат отырысында.

Ол 90 жылдардан бастап экономиканың жетекші саласы болған балық шаруашылығына жете көңіл бөлінбеуінен ол құлдырауға ұшырағанын, әлі де осы жағдайдан шыға алмай жатқанын айтты. 

"Балық аулау көлемі күрт төмендеген. Бұның негізгі себебі балық дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты белгілейтін бағдарламаның болмауы деп есептейміз", — деді сенатор.

Еңсегенов балық шаруашылығын мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыруда тұрақтылық жоқ екенін мәлімдеді. 

"Осы салаға жауапты мемлекеттік орган ретінде 2003 жылы құрылған балық шаруашылығы комитеті бірнеше рет бір министрліктен екінші министрлікке ауыстырылды. Қайта-қайта құрылымдық өзгерістерге ұшырады, соңында мүлдем таратылып жіберілді", — деп толықтырды ол.

Сәрсенбай Еңсегеновтың айтуынша, осының салдарынан тәжірибелі, білімді мамандар корпусы жоғалды. Балық саласы қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрамына бір басқарма есебінде кірістірілген.

"Онда бес-алты маман ғана жұмыс істейді. Осы салаға керек мамандарды дайындайтын мамандандырылған арнаулы оқу орындары жабылып қалды. Осының себебінен өзіндік ерекшелігі көп балық саласына қажет мамандар жетіспейді", — деп қапаланды депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу