Депутаттар Экология министрінің ұсынысына қарсылық білдірді

1217

Олардың пікірінше, бұл ұсыныстың экологиялық салдары болуы мүмкін. 

Депутаттар Экология министрінің ұсынысына қарсылық білдірді

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Сембинов ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің күріш алқабын 29 мың гектарға қысқарту ұсынысына қарсылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Ол:"2020 жылдың 22 желтоқсанында Үкімет отырысында сіз (Мағзұм Мырзағалиев – автор) 3 облыстағы күріш алқабын 29 мың гектарға: Қызылорда облысындағы алқапты 15 мың гектарға, Алматы облысындағы күріш алқабын 10 мың гектарға, Түркістан облысындағы 4 мың гектар күріш алқабын қысқартуды ұсындыңыз", – деп Экология министріне "Ақ жол" фракциясы депутаттарының атынан сауал жолдады. 

Оның айтуынша, тек Алматы облысындағы күріш алқабын қысқарту салаға орны толмас зардап алып келеді.

"Өйткені, сіз қысқартуға ұсынып отырған 10 мың гектар жер облыста егілетін күріштің тұтас алқабы болып саналады. Сіз 29 мың гектар жерді қысқарту 1 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді дедіңіз. Алайда бұл суды үнемдей ме әлде егілетін күріш алқабын қысқарта ма?",  деді депутат.

Азат Сембинов күріш алқаптарын сусыз қалдыру қоршаған ортаға қауіп төндіреді деген пікірде.

"Себебі жер асты тұзы жер бетіне көтеріліп, егістік алқабының борпасақ тұзға айналуы экологияны орны толмас апатқа ұшыратады. Екі жылдан кейін ол жерге басқа егін еге алмаймыз",  деді.

Депутат күріш алқабының қысқаруы елдегі жұмыс орындарының қасқаруына алып келетінін жеткізді. 

"Бұл мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, бұл сұрақты жан-жақты қарастыруды ұсынамыз. Субсидиялау тетіктерін де қайта қарау керек. Сондай-ақ трансшекарадағы өзендерден су тарту, суды үнемдейтін технологияны пайдалану,  арықтар мәселесін қарау керек", – деп түйіндеді сөзін Азат Сембинов.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу