Депутаттар электромобильдерге қажет инфрақұрылымды дамытуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

407

Елімізде "жасыл" көліктерге сұраныс көбейіп отыр. 

Депутаттар электромобильдерге қажет инфрақұрылымды дамытуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Егер электромобильдердің әлемдік сатылымының соңғы үш жылдық динамикасына көз жүгіртсек, 2020 жылы әлемде 3 миллион 240 мың электромобиль сатылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 43%-ға көп. 2021 жылы бүкіл әлем бойынша 6,5 миллион электромобиль сатылды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 109%-ға өскен. 2022 жылы электромобильдер сатылымның жаңа рекордын орнатты, әлемде 7,8 миллион дана сатылды. 2023 жылы әлемде шамамен 17 миллион электромобильдер мен гибридті автомобильдер сатылды", - деді депутат Самат Мұсабаев.

Зерттеушілердің пікірінше, 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 миллион электромобиль болады.

Мәжілісмен келтірген деректерге сәйкес, елімізде де жағдай түбегейлі өзгерді.

"Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, 12 айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген. Бұл дегеніміз электромобиль санының 9,5 есеге өскендігін көрсетіп отыр. Яғни, "жасыл" көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерілетуді талап етеді. Заң жобаларында "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Автомобиль жолдары туралы", "Автомобиль көлігі туралы", "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы", "Жол жүрісі туралы" заңдарына түзетулер енгізу көзделген", - деп жалғастырды ол.

Заң жобасы мынадай негізгі нормаларды қарастырады:

- "электромобиль" және "электрозарядты станция" ұғымдарын енгізу;

- коммуналдық ақылы автотұрақтарда (автопарковкаларда, паркингтерде) электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану;

- тұрғын аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау;

- жергілікті атқарушы органдардың өкілеттілігі электрозарядты станцияларды орналастыру туралы шешімдерді қабылдау және такси тұрақтарын, әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2 санатты стационарлық сауда және мәдени ойын-сауық нысандарын, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарын, даңғылдарды, көшелерді, кварталдарды электрозарядты станциялармен жабдықтау және ұйымдастыруды қамтамасыз ету.

Бұдан бөлек, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекске толықтыру енгізу туралы" заң жобасы электромобильдер үшін бөлінген орындарда көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтатып тұру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мақсатында әзірленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу