Депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алады – Айдос Сарым

647

Құрылтай депутаттары Премьер-министрге сұрақ қоя алады және сауалдарын қоюды жалғастыра береді.  

Депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алады – Айдос Сарым Фото: t.me/quryltairesmi

Бұл туралы Құрылтай депутаты Айдос Сарым тілшілердің сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін "депутаттардың Үкімет басшысына сұрақтар қоя алмайтыны" туралы ақпарат тараған болатын. Мәселе Құрылтай регламентінің жобасындағы 131-тармаққа байланысты туындады. Онда "Құрылтай Премьер-Министрдің Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндамасын Құрылтай отырысында тыңдайды.

Премьер-Министрдің баяндамасы талқыланбайды және ол бойынша сұрақтар қойылмайды. Тыңдау нәтижелері бойынша Құрылтай баяндаманы назарға алу туралы қаулы қабылдайды" деп жазылған.

"Депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алады, сұрақтарын қоюды жалғастыра береді. Соның ішінде депутаттық сауал арқылы да. Бюджетті қорғауға келген кезде, бюджет туралы есеп берген кезде де солай. Бізде парламенттік тыңдау дейтін формат бар. Үкімет сағаттары болып жатады. Соның кез келгенінде депутаттар сұрақ қоя алады. 131 дейтін бап бар. Парламентте жылына бір рет болатын мынадай формат бар. Мысал үшін Конституциялық соттың төрағасы келіп есеп береді, заң бойынша ол бөлек институт қой. Депутаттар оған сұрақ қоймайды, есебін тыңдайды, не қабылдайды, не қабылдамайды. Сол сияқты бұл жылына бір рет болатын жиналысқа қатысты бап", – деді депутат Құрылтайда өткен брифингтен соң.

Айдос Сарым БАҚ өкілдерінен "депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алмайды" деген жаңсақ пікірді таратпауды сұрады.

"Кез келген сұрақты да қоямыз. Алдымызға келіп тұрса, сол жерде жауап береді. Бұрынғы формат қандай болды – бәрі солай қалды", – деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу