Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясында депутаттарға Шымкент қаласы халқының 1 миллионға жетуіне орай, қалаға мегаполис статусын беру ұсынылды. Аталған ұсынысты қолдаған халық қалаулылары Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы шешімге қала әкімдігімен бірлесе қол қойды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Енді бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылады.
Халық қалаулыларынынан бөлек сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев баршаны Шымкент қаласы тұрғындарының 1 миллионға жетуімен құттықтады.
"Шымкент қалалық мәслихатының VI шақырылымдағы депутаттары кезектен тыс 29- сессиясында ел өмірі үшін маңызды мәселеге дауыс берді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірнеше жыл бұрын Шымқаланы миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы көтерілген болатын. Енді міне, сол мақсат жүзеге асып, Шымкент еліміздегі миллиондық халқы бар үш қаланың біріне айналды. Құттықтаймын! Біздің сүйікті қаламыздың орны өңір үшін ғана емес, Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Орта Азиядағы сан ғасырлық ғұмыры бар санаулы қалалардың бірі болған Шымкент, енді бірегейіне айналу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді", - деді өңір әкімі.
Сессия барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" медалімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.