"Дербес деректерді қорғау қызметі" әзірленуде

1001

Деректері сұратылған азаматқа электронды хабарлама келеді.  

"Дербес деректерді қорғау қызметі" әзірленуде

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Руслан Әбдіхалықов Қазақстан азаматтарының дербес деректерін қорғау жөнінде жоба әзірленіп жатқанын хабарлады.

"Елімізде азаматтардың жеке деректерін әр мемлекеттік мекеме өз бетінше жинайды. Нәтижесінде, деректермен ешкім айналыспайды. Цифрландыру мен ақпараттық қауіпсіздік біздің министрліктің міндеті болғандықтан, осы жұмысты өз мойынымызға алғымыз келеді. Сондай-ақ, "Дербес деректерді қорғау қызметі" деп аталатын жобаны бастап отырмыз. Бұл қызмет азаматтардың жеке мәліметтерінің алынуын бақылап отырады. Мысалы, шаруа қожалығыңызды дамыту үшін субсидия алғыңыз келді делік. Әділет министрлігінің деректер қорында барлық азаматтар туралы мәліметтер болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі сіз туралы мәлімет сұратады. Алайда бұл жайлы сізге ешкім хабарламайды. Егер мәлімет сұратқанын білсеңіз, келісер едіңіз. Ал ауыл шаруашылығына қатысты еш жұмысыңыз болмаса ше? Онда сіз туралы ақпаратты не үшін сұратқанын білуге, шағымдануыңызға болар еді",  – деп түсіндірді комитет төрағасының орынбасары.

Дербес деректерді берудің ашықтығы осы мәселені реттеуге септігін тигізбек.

"Екінші аспект, азамат туралы деректерді бір мекеме басқа бір тұлғаға беру мәселесі. Мысалы, банк өз клиенті жайлы ақпаратты серіктес микрокредит ұйымына берді делік. Жаңа жоба іске қосылғаннан кейін, сіз туралы ақпаратты басқа тұлғаға берсе, сізге дереу хабарлама келеді. Хабарламада "Басқа тұлғаға өзіңіз туралы ақпаратты беруге келісесіз бе?" деп сұрайды. Егер, "келісімін" десеңіз, деректерді сұратқан тұлға алады. Келісім бермесеңіз, деректер берілмейді. Ал сіз өзіңіз туралы ақпараттың сұратылып жатқанын біліп отырасыз. Азаматтардың дербес деректері де қолдан-қолға өтуі азаяды", –  деді Руслан Әбдіхалықов.

Министрлік өкілінің айтуынша, заң жобасы жазға салым қабылданса, "Дербес деректерді қорғау" қызметі жылдың соңына дейін іске қосылады. Қызметті тек отандық ІТ саласының мамандары әзірлейді. Қызмет азаматтар үшін тегін болмақ.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу