Жыл басынан бері дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына 69 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін жеткізді.
"2025 жылдың басынан бастап дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган ҚР дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына 69 жоспардан тыс тексеру жүргізген, нәтижесінде 10 665 350 теңге сомасына 22 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Субъектіге (объектіге) бармай-ақ "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бұзғаны үшін 1 248 410 теңге сомасына 17 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған", – делінген жауапта.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ведомство дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамағаны, дербес деректерді қорғау және ақпараттандыру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізген.