Дихандарға жаңа техника қажет – Әлихан Смайылов

418

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі 76%-ға жуықтаған.

Дихандарға жаңа техника қажет – Әлихан Смайылов Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов сектордағы өндіріс қарқынын арттыруды тапсырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Былтыр отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Дихандарға жаңа техника қажет. Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру қажет. Ол үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар", - деді ол Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы бұл ретте өнеркәсіптік кооперация мәселелерін ерекше атап өтті.

"Бүгінгі таңда елімізде General Motors, Alstom, General Electric, Daewoo Bus, Hyundai және басқа да әлемдік жетекші компаниялармен бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. 2020 жылы Қарағанды облысының Саран қаласында іске қосылған техника мен автобустар шығаратын зауыт – өнеркәсіптік кооперацияның жақсы мысалы. Оның қуаты жылына 1200 көлік құралын құрайды. Кәсіпорынға 12 млрд теңге инвестиция салынды, толық қуатында жұмыс істеген соң онда 1000-ға жуық адам еңбек ететін болады", - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының сөзінше, бүгінгі таңда машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Оны жүзеге асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен астам арттыруға, экспорт көлемін шамамен 3 есе, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды 1,5 есе, еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға септігін тигізбек.

"Мұнай-газ операторларының өндірісінде отандық өнімнің үлесін арттыру қажет. Біз отандық өндірісті дамыту үшін импортталатын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға субсидия беруді азайтуды көздеп отырмыз. ИИДМ, Ауыл шаруашылығы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елде аналогтары бар импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидия беру мөлшерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін төмендету мәселесін пысықтауы қажет", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу