Диқандар егістікті АҚШ технологиясымен суаруға көшті

2007

Жобаның жалпы құны – 500 млн теңге.

Диқандар егістікті АҚШ технологиясымен суаруға көшті

Түркістан қаласының маңында диқандар егістікті АҚШ-тан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суара бастады. Мамандар бұл өте тиімді тәсіл екенін айтуда. Себебі қолданысқа енгізілген жаңа әдістің нәтижесінде жиналатын өнім төрт есеге дейін артуы мүмкін.

АҚШ технологиясын елімізге Нидерландының APH Group B.V. компаниясы алып келген. Кейін  "Түркістан Агро ХХI" ЖШС-нің бастамасымен 131 шаруа қожалығы бірігіп "Ынтымақ – 2019" кооперативін құрыпты. Бүгінде аталған кооперативтің 733 гектар алқабына жаңбырлатып суару әдісі бойынша 4 арнайы техника жұмыс істеуде. Болашақта оның санын 18-ге жеткізу жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 500 млн теңге.

"Қазір бұл алқапқа күздік бидай егіліп жатыр. Келесі жылдың мамыр айында жүгері екпекпіз. Жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-ден 4 есеге дейін артады. Мысалы бидайдан гектарына орташа өнімділік 15 – 20 центнер болса, осы технология арқылы ол 40 – 45 центнерге жетпек. Жүгеріден әр гектардан 48,5 центнер алынса, болашақта оның көлемін 115-130 центнерге дейін арттыруға болады. Жалпы, келесі жылы Түркістан қаласының айналасындағы алқаптарда жаңбырлатып суару әдісі енгізіледі. Осы арқылы азық-түлік белдеуі қалыптасып, елдің әлеуметтік жағдайы көтеріліп қана қоймай, қаланың экологиясы да жақсарады", – дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбол Бадырақов.

Бұдан бөлек азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша Түркістан қаласы аумағында құны 70 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде жыл сайын қосымша 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі алынып, 2500-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу