Диқандар еккен дақылдың жартысынан көбінің жағдайы мәз емес

719

Құрғақшылық пен су тапшылығынан дақылдың тек 45 пайызының жағдайы жақсы сақталған.

Диқандар еккен дақылдың жартысынан көбінің жағдайы мәз емес

Демек, биыл жиналатын өнім едәуір аз болайын деп тұр. Ал, Қостанай облысының оңтүстік аудандары құрғақшылықтан зардап шексе, солтүстігінде ылғал мол түсіп астықты кептіру жұмыстарына жүргізуге ден қоюда. 

Климаттық өзгеріс, құрғақшылық отандық диқандардың да арқасына аяздай бата бастады. Павлодар облысында 180 мың гектар астық күйіп кеткен. Ал, Жамбыл өңірінде 1 мың гектардан астам қант қызылшасы шықпай қалды. Биылғы егістік жағдайы үкімет басындағыларды алаңдатып отыр.

“Бүгінде дәнді-дақылдар егістігінің 45,1 пайызы жақсы, 46 пайызы қанағаттанарлық және 7,5 пайызы нашар жай күйде. Сондай-ақ Қырғыз республикасынан судың аз келіп түсуіне байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша шамамен 7,8 мың гектар зардап шекті”,- дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Ал, Қостанай облысының оңтүстік аудандарында құрғақшылыққа орай бидай шығымы нашар. Гектарына 3-4  центнерден оралуда. Жалпы облыста астық шығымдылығы былтырмен салыстырғанда екі есе төмен. Орташа есеппен 6,9 центнер шамасында. Мұның үстіне астыққа орақ түсерде жаңбыр жауып, дымқыл бидай диқандарды біраз әуреге салғалы тұр.

“Биылғы астық ору қиынға соққалы тұр. Барлық астық кептіретін құрылғыларды жөндеп, әзірлеп қойған жөн. Есеп бойынша облыста 318 астық құрғатқыштар бар”, - дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Әбенов.

Жалпы, ел аумағында жиналатын өнім едәуір аз болайын деп тұр.  Ал, биыл  көктемгі егіс пен астық жинау жұмыстары үшін Агрокредит корпорациясы 4 мыңға жуық ауылшаруашылық кәсіпорынына 140 млрд теңге несие берген. Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы 60 млрд теңгеге тауарлық несие рәсімдеген. Қарызға белшеден батып еккендегі егіні шықпай қалған диқандарға жеңілдіктер қарастырылуда.

“Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болады. Бәйтерек холдингі құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтардың кредиттері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау қажет.  Жалпы жағдай бақылауда. Жеткілікті көлемде өнім жиналатын болады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды”, - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ үкімет отырысында мал азығы мәселесі де көтерілді. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында осы жұмыстар баяу жүруде. Бұл өңірлерде шөптің бағасын  негізсіз өсірмеу бақылауға алынатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу