"Дикий Арманның" қорғаушылары Президенттен көмек сұрады

7383

Олардың айтуынша, оны Алматыдан Нұр-Сұлтанға алып кеткен.

"Дикий Арманның" қорғаушылары Президенттен көмек сұрады

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған "Дикий Арман" Арман Жұмагелдиевтің қорғаушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Адвокаттардың айтуынша, биыл 2 ақпанға қараған түні "Дикий Арманды" Алматыдағы тергеу абақтысынан алып кеткен.

"Бүгін 1 ақпан. 2022 жыл. Есімім Талғат Есімов. Мен Шымкент қаласындағы адвокаттар коллегиясының мүшесімін. Қазір жанымда әріптестерім отыр: Виктор Кривоносов, Қуат Салиев. Тікелей эфирге шығуға мәжбүр болдық. Біз қорғаудағы азаматымыздың конституционалды құқығының сақталғанын қалаймыз. Қылмыстық-процестік кодекс, Конституция аясында жұмыс істейміз. Біз елімізде бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаймыз", – деді адвокат Талғат Есімов.

Оның айтуынша, Арман Жұмагелдиев – Қазақстан азаматы, патриот. 

"Биыл қаңтар оқиғасы кезінде оны қылмыстық қудалау органдары оны ұстаған еді. Барлық БАҚ оны білетін шығар. Алғашында оны Алматыда ұстады. Кейін неге екені белгісіз Нұр-Сұлтанға алып кетті. Қылмыстық қудалау органының қайсы алып кеткені белгісіз. Осыған байланысты біз адвокаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз", – деді қорғаушы.

Осыған байланысты ол Мемлекет басшысының саясатын толық қорғайтынын атап өтті. 

"...Сіз жақында Бас прокуратураға манифестанттар және басқа адамдарға қатысты барлық тергеу заң аясында жүргізілсін деп тапсырма бердіңіз... Біздің қорғауымыздағы азамат Арман Жұмагелдиев 2 апта Алматыдағы тергеу изоляторында отырды. Біз оған 2 рет кірдік. Бүгін әріптестеріммен кірдім. Бізбен бірге жедел тергеу тобының мүшелері болды. Біз өз жұмысымызды істеп жүрміз. Тергеу болды. Онда Арман Жұмагелдиев тергеу органдарымен байланыс орнатуға дайын екенін айтты. Ол Президенттің саясатын толық қолдайды. Ол халыққа көмектестім, хоасты тоқтатуға өз үлесімді қостым деп ойлайды. Қазір тергеу тарапы ақпаратты біржақты ғып беріп жатыр", – деді Талғат Есімов.

Қорғаушылар бүгінде Арман Жұмагелдиевтің қайда екенін белгісіз екенін атап өтті. Олардың пікірінше, күдікті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратында болуы мүмкін.

Айта кетейік, "Дикий Арман" биыл қаңтардың басында Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу