"Дикий Арманның" қылмыстық топ мүшелері жаппай жазаланды

Сот барысында Арман Жұмагелдиев бастаған топтың жасаған қылмысы айтылды.

"Дикий Арманның" қылмыстық топ мүшелері жаппай жазаланды Фото: kaztag.kz

2022 жылдың 5 қаңтар күні қылмыстық топтың Республика алаңына екі рет шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арман Жұмагелдиевке, Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовқа қатысты сот үкімі шықты.

Сот мәліметінде 2016 жылы ҚР ҰҚК 5-ші департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Ысқақов Жұмагелдиевті Ұлттық қауіпсіздік органдары тарапынан қамқорлыққа алуға уәде бергені айтылады. Бұл келісімнен кейін Жұмагелдиев Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде қылмыстық ұйымды қалыптастыруға белсене кіріскен.

Жұмагелдиевтің 2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға келгені белгілі болды. 2022 жылы қаңтар айында жаппай тәртіпсіздік басталғанда "Қазақстан" қонақүйінде штаб ұйымдастырған Қайрат Құдайбергеннен шақырту алып, сонда қарулы топтың іс-әрекеттерін басқарып отырған.

Олар билікке талап қою үшін "Халықтық кеңес" түріндегі конституциялық емес орган құруды жоспарлап, кейін жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар санын көбейту үшін Алматы мен Шымкент қалаларынан өз бандасының адамдарын шақырған. 

2022 жылдың 5 қаңтарынан 6-сына қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталған соң Ысқақов жаппай тәртіпсіздік бойынша жоспардың жүзеге аспай жатқанын түсініп, қылмыс ізін жасыруға кіріскен. Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен ол Жұмағелдиевке адамдарды ұрлап, оларды "Қазақстан" және "The Ritz Carlton Almaty" қонақүйлерінде ұстауға нұсқау берген. 

"Дикий Арман" өзі ұйымдастырған қылмыстардың ізін жасыру үшін Алматы қаласы ТЖД өрт сөндіру машинасын да қайтарып жіберген. №12 қалалық аурухананы күзетке алып, Алматы қаласының тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған. 

– Іс қатысушыларының аталған қылмыстық әрекеттері куәгерлердің тұрақты айғақтарымен, сараптамалармен, сотта зерттелген бейне дәлелдемелермен расталады, – деп хабарлады сот.

Сот үкімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Р. Ысқақов ҚР ҚК-нің 262-бабы 3-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 268-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қ.Құдайберген ҚР ҚК-нің 272-бабы 1,2-бөліктері, 126-бабы 2-бөлігі, 1 және 7-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелеріне (барлығы 13 адам) 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу