Димаш Астана күніне арнап "Арнау" атты жеке шығармашылық концертін береді, деп хабарлайды ortcom.kz.
"2017 жылы Астана аренада "Бастау" деген менің ең алғашқы Қазақстандағы үлкен жобамды назарларыңызға ұсынған болатынмын. Енді сіздерге деген махаббатпен, сіздерге деген сағынышпен 2 жылдан кейін, міне, осы жазда "Арнау" деп аталатын "Астана аренада" тағы да үлкен концертімізді назарларыңызға ұсынбақпын", – деді Димаш Құдайбергенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, бұл концертін Астана күні мерекесіне арнайы тарту ететінін де атап өтті.
Бағдарламада қазақтың халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларымен қатар заманауи әрлеумен орындалған Димаштың авторлық туындылары ұсынылатын болады. Сондай-ақ, концертте қазақ, ағылшын, француз, қытай, орыс, итальян тілдерінде әндер шырқалады.
Айта кетсек, "Қазақстан" корпорациясы осы концерттің бүкіл ұйымдастыру, түсірілім жұмыстарын қолға алып, қолдау көрсетпек.
Ауқымды музыкалық шоу қазақстандықтар мен мыңдаған шетелдік өнерсүйер қауымды Астана төрінде жинайтын болады.