Шетелдік қонақтардың сапары Алматымен шектеліп қалмапты. Бір топ адам Түркістанға, енді бірі Қызылордаға, тағы бір топ әншінің туған жері Ақтөбеге аялдады. Осы істің басы-қасында жүрген Мейрамгүл Балғожина – Димаш-турдың авторы деуге болады. Өзі басқаратын "Empire Travel Qazaqstan" компаниясы 2017 жылдан бері әнші жанкүйерлерінің сапарын ұйымдастырып жүр.
Бұл идея бізге 2017 жылы келді. "Қазақтуризм" бар, бірнеше туристік операторлар бар, Димаштың ата-анасы бар, бәріміз ақылдаса келе, Димаштың туған елін көргісі келетін қаншама адам бар, сондай сапар ұйымдастыру керек дедік. Әрі Димаш әр мемлекетте өнер көрсеткен кезде "Welcome to Қазақстан!" деп жанкүйерлерін қонаққа шақырды. Соған сай құрмет көрсетіп, турлар ұйымдастырсам деген ойды жүзеге асырумен келемін. Жыл өткен сайын "Dearsтардың" қатары өсіп келеді. Оларға Димашқа қатысы бардың бәрі ерекше ыстық, әрі қызық. Мысалы, 2019 жылы Ақтөбеге келген қонақтар Димаш оқыған мектепте болды. Оның класына кіріп, партасына отырып балаша мәз болды. Қазір ел бойынша турлар ұйымдастырып жатырмыз. 13 қыркүйектен бастап әлемнің 45 елінен жүздеген адам келді. Ақтөбеге келгендер Димаш оқыған мектепте, музыкалық колледжде, туып-өскен үйінде болып, қаланың тарихи ескерткіштерін, көрікті жерлерін аралайды. Дәл қазір Димаш – қазақ туризмінің амбассадоры деп айтуға толық негіз бар, – дейді Мейрамгүл Балғожина.
Зада Зейін