Бұл жаңалықпен Димаштың өзі және ата-анасы әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісті, деп жазады reactor.inform.kz.
"Құрметті қазақ елі, достарым, тілектестерім! Биыл Қытай еліндегі танымал әншілер өзара бақ сынайтын "I am Singer (Мен әншімін)" деген байқауға қатысқалы жатырмын. Күллі әлем мойындаған әншілермен бір саxнада қарсылас болып, қазақ атын шығару - мен үшін үлкен мәртебе. Жаңалықтармен бөлісіп отырамын. Ақ тілектеріңіз бен қолдауларыңыз үшін мың алғыс!"-деп жазған әншінің өзі.
Бұл жобаны Қытай елінің Hunan TV телеарнасынан 2 млрд халық тамашаламақ. Байқаудың биыл өткізілгелі отырған 5-ші маусымы,
"Бұл сайысқа Қытайдың әлем деңгейіндегі танымал әншілері, танымал жұлдыздары, күллі әлемдік стадиондар мен ареналарды жинап жүрген 6 әншісіне қарсы шет елдік бір әнші - биыл біздің Димаш бағын сынап, бәйгеге түседі. Бұл жас әншілердің жарысы емес. Әбден қалыптасқан, өнер әлемінде аса танымал, жүздеген миллион көрермендері бар Қытайдың жарық жұлдыздары қатысатын кәсіпқойлар додасы. Біздің бала - ең жасы. Бұл бұрынғы байқаулардан мүлдем бөлек", – деп жазған Димаштың анасы Света Айтбаева.
Сондай-ақ Димаштың бұл додаға барар жолда үлкен дайындық жүргізгенін, стиль, имидж, бағыт-бағдар бәрі жаңаша болатынын да тілге тиек еткен.
Ертең байқаудың бірінші күні. Елдің атын шығарар ер Димашқа халық болып қолдау көрсетіп, тілеуін тілейміз!