Димаш Құдайберген қытайлық реалити-шоудың атқарушы продюсері атанды

796

Жаңа қызметі жайлы әнші өзінің Instagram-парақшасында мәлімдеді.  

Димаш Құдайберген қытайлық реалити-шоудың атқарушы продюсері атанды Фото: instagram/kudaibergenov.dimash

Танымал әнші Димаш Құдайберген Қытайда жаңа музыкалық реалити-шоудың атқарушы продюсері болмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Димаш Hunan TV медиахолдингі мен бас менеджер Цай Хуайцзюньмен келісімшартқа қол қойып, жаңа жобаны іске қосатынын жариялады. Жоба музыкалық реалити-шоу форматында өтпек.

Әншінің айтуынша, жобаға әртүрлі елдердің вокалистері қатысып, түсірілімдер Қазақстанның төрт өңірінде өтеді. 

Түсірілім Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өтеді. Реалити-шоудың ақтық кезеңі Астанада ұйымдастырылмақ.

Қатысушылар пойызбен жолға шығып, елдің табиғи және тарихи нысандарына аялдайды. Негізгі аялдамалар қатарында Көбейтұз көлі, Шарын және Бозжыра шатқалдары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар.

Музыканттар шығармашылық кездесулер өткізіп, жеке және дуэт түрінде өнер көрсетеді. Сонымен бірге шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, бірлескен перфоманс қойылымдарын ұсынады. Олардың өнерін халықаралық деңгейдегі кәсіби қазылар алқасы бағалайды.

– Шоу бүкіл әлемге көрсетіліп, миллиондаған көрерменге жаңа дауыс пен Қазақстанның бірегей мәдениетін таныстырады. 10 жылға жуық уақыт бұрын Hunan TV арнасындағы "Мен – әншімін" жобасымен үлкен сахнаға жолым басталды. Бүгін мен жаңа рөлде – халықаралық шоу авторы ретінде қайта оралып отырмын, – деп жазды Димаш.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу