Димаш Құдайберген музейге атасының домбырасын табыстады

90

Шара барысында Димаш Құдайберген музей қорына өзінің жеке домбыраларын сыйға тартты. 

Димаш Құдайберген музейге атасының домбырасын табыстады Фото: бейнежазбадан

2026 жылғы 18 ақпанда Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі базасында "Димаш: бір дауыс – мың ел" атты көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Музейдің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсынылған аспаптардың бірі – әншінің бала күнінде атасы сыйға берген, шығармашылық жолында үнемі жанында болған қастерлі домбыра. Ал екіншісі – Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы қойылған музыкалық аспап.

– Бұл домбыралар біз үшін аса қымбат. Себебі мұнда әр елдің мәдени мұрасын танытатын, өзіндік тарихы бар құнды дүниелер жинақталған. Осындай рухани байлықты музейге тарту еткен барша азаматқа алғысымыз шексіз, – деді әншінің анасы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.

Көрме Алматы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Ашылу рәсіміне Қазақстан және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Димаш Құдайберген арнайы қатысып, экспозицияның лентасын қиды.

Экспозицияда әншінің жеке қорынан алынған 70 музыкалық аспап ұсынылған. Олардың қатарында әлемнің әр түкпірінен жанкүйерлері сыйға тартқан ұлттық аспаптар, сондай-ақ сахналық костюмдер бар. Көрермендердің ерекше қызығушылығын поп-музыка аңызы Майкл Джексонның жеке стилисі Гоко Залди әзірлеген сахналық киім тудырды.

Ал музей директоры Ләззат Құдайбергенқызы әншіге Абай Құнанбайұлы домбырасының дәл көшірмесін сыйға тартты.

Көрме бір ай бойы Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24а мекенжайында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде көпшілік назарына ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу