Димаш Құдайберген: Талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр

590

Форумда әншінің "The story of one sky" атты әніне түсірілген бейнебаянының көрсетілімі болды. 

Димаш Құдайберген: Талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр Фото: el.kz

Әлемге танымал әнші, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi Димаш Құдайберген Орталық Азия медиа форумында сөйлеген сөзінде бейбітшіліктің бұл әлемдегі ең ұлы құндылық екеніне, соғысқұмарлықты тоқтату қажеттігіне баса назар аударды, деп жазады inbusiness.kz.

"Бейбітшілік адамзаттың ең ұлы, ең асыл құндылығы екені сөзсіз. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – дипломатиялық, адами қарым-қатынас, мемлекетаралық сыйластық, бір мемлекеттің басқа мемлекеттің аумақтық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі. Ғалымдардың зерттеуіндегі адамзат тарихы алғаш рет хатқа түскен кезеңге көз жүгіртсек, соңғы мыңдаған жылдар ішінде адам баласы 292 жыл ғана тыныш өмір сүрген деседі. Бұл өкінішті жайт. Адамзат санасының бағзы замандардан бері көп өзгермегендігінің көрсеткіші деп білемін. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр", - деп атап өтті Димаш Құдайберген. 

Әншінің сөзінше салдарынан талай жазықсыз жандар зұлмат зардабын тартуда. 

"Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі. Біз неліктен мыңдаған жылдар бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Бізге не жетпейді? Соғысқұмарлықты қалай тоқтатамыз? Ол үшін не істеуіміз керек? Адам өмірін адам өлімімен құтқару ешқандай да құтқару емес, ол тек сылтау", - деді әнші. 

Оның айтуынша, "біз әлі күнге дейін нәсілге бөлініп, дінаралық соғыс, ұлтараздық келіспеушіліктер белең алған заманда өмір сүрудеміз". 

"Адамзат бұл өмірде Жаратушының емтиханынан өтіп жатқанын ұмытып, пенделік тірліктен, кеудемсоқ өркөкіректіктен арыла алмай келеді. Жіпсіз амбициясымен соғыс бастап жүрген, өздерін ұлы санайтын кейбір держава басшылары басқа елдің ішкі өміріне араласып, олардың қалай өмір сүруін неге шешу керек? Олар Құдай емес қой. 

Өнер саласында жүргендіктен, әлемнің көптеген елінде болдым. Түрлі халықтардың мәдениетімен таныстым. Ұлттың жаманы болмайды. (...) Айтпағым, біз бәріміз нәсілге, ұлтқа, дінге, түрлі елдерге  бөлінеміз, бірақ біз бәрімізге ортақ Жер-Ананың баласы екенімізді ұмытпауымыз керек. Біз бәріміз бір аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бірде-бір қасиетті кітап адамзатты жауыздыққа, өлімге, соғысқа шақырмайды. 

Ересектердің қателігі үшін сәбилер зардап шекпеуі керек деп ойлаймын. Адамзат пен әлемнің ертеңі бүгінгі біздің қолымызда", - деп қорытындылады ол. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу