Димаш Құдайберген Қытайдың Weibo арнасына сұхбат берді. Ол Singer жобасы барысында қандай әндердің өзіне қиынға соққанын әңгімеледі. Сондай-ақ жалқау жастардың қатарына кірмейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Димаш қытай тілін меңгергісі келетінін жасырмады. Оның айтуынша, бұған дейінгі шығармашылық кезеңі бұл тілді талап етпесе, енді қажет болып жатыр.
"Біз бәріміз де ет пен сүйектен жаралғанбыз. Барша тыңдарманыма рахмет айтқым келеді. Сіздердің алаңдағандарыңызды көріп, өзім қобалжып кеттім. Сіздерге көп рахмет, осындай тыңдармандарым барда мен барынша жақсы өнер көрсетуге тырысамын", – дейді әнші.
Бұдан бөлек, Димаш жоба барысында қатты сырқаттанып қалғанын айтты.
"Адам болғаннан кейін суық тиеді. Тамағым ауырғаны рас. Байқау болатын күні таңертең тұрсам дауысым шықпайды. Содан кейін бір тәулікте төрт рет екпе жасатуға тура келді. Ол адамды емдеп жіберетін нәрсе емес, тек дауысты 10 сағатқа қалыпқа келтіретін дәрі болды", – дейді ол.