Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге Ізгі ниет елшісі төсбелгісін табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әшімбаевтың сөзінше, қазір Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның аясында Съездің дінаралық диалогты дамытуға және бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетуге арналған идеяларын дәріптеу ісіне баса мән беріліп келеді.
Сенат төрағасы былтыр әлемнің әртүрлі мемлекеттеріндегі белгілі қоғам және дін қайраткерлері Съездің Ізгі ниет елшілері болып сайланғанын еске салды.
"Олардың қатарында талантымен дүние жүзіне танылған отандасымыз, әнші Димаш Құдайберген де бар. Осыған байланысты Димаш бауырымызбен арнайы кездесіп, оған Ізгі ниет елшісі белгісін ресми түрде табыс еттім. Осы орайда Димаш қазақтың ұлттық мәдениетін дәріптеумен қатар өнер арқылы бейбітшілік пен ізгілік идеяларын насихаттауға да үлкен үлес қосып келе жатқан дарын иесі екенін атап өткен жөн. Бұл маңызды миссия Съездің құндылықтарымен де үндесетіні белгілі", – деп жазды Сенат спикері әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта Димаш өнерімен және креативті жобаларымен бірлік пен келісімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге өз үлесін қоса береді деп сенім білдірді. Сондай-ақ оған шығармашылық табыс тіледі.