Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) өзінің Ізгі ниет елшісі, әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен бірлескен жаңа бастаманы іске қосатынын мәлімдеді. Алдағы әлемдік тур барысында әртіс миллиондаған мигранттар мен мәжбүрлі қоныс аударушылар кездесіп отырған гуманитарлық дағдарыстарға қоғам назарын аудармақ.
ХКҰ атап өткендей, әншімен серіктестік тек қиын жағдайға тап болған адамдардың мәселелерін жеткізумен шектелмей, ұйым жұмысына қолдау үшін қаражат жинауға да мүмкіндік береді.
"Димаш музыка адамдарды олардың шыққан тегіне қарамастан біріктіре алады деп сенеді. Оның ХКҰ Ізгі ниет елшісі ретіндегі адалдығы – миграция адамзат тарихының ажырамас бөлігі екенін және әрбір адам қоғамға үлес қосып, өз болашағын жақсартуға лайықты екенін дәлелдейді", – деді ХКҰ Бас директоры Эми Поуп.
Партнерлік аясында Құдайберген ХКҰ-ның өмірді құтқаруға, дағдарыстан зардап шеккендерге көмек беруге және лайықты болашаққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған гуманитарлық бағдарламалары туралы ақпаратты кеңінен тарататын болады. Әр концертте көрермендер арнайы QR-кодты сканерлеп, ХКҰ-ға қайырымдылық жасай алады. Жиналған қаражаттың барлығы ұйым жұмысына жұмсалады.
Әлемдік тур 5 қазанда Нью-Йоркте басталып, әрі қарай Мехико, Барселона, Лондон және Берлин қалаларында жалғасады.
"Музыка бізді біріктіретін ортақ құндылықтарды еске салады. Біз бірлесе отырып, бүкіл әлемдегі осал адамдардың құқығын қорғап, оларды қолдауға қоғамды жұмылдыра аламыз", – деді Димаш Құдайберген.