Бағдарламаның түсірілімі толық Қазақстанның туристік локацияларында өтті және 6 өңірді қамтыды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен қолға алынып, Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірге жүзеге асырылды. Voice Beyond Horizon әртүрлі елдердің өнерпаздарын біріктірумен қатар Қазақстанның табиғи әралуандығын және туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге таныстырады.
Түсірілімдер Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында өтті.
Жобаға Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Италияның, Малайзия мен Сербияның орындаушылары қатысады. Өткен жылдың қыркүйек айында олар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті.
Жоба бағыты көне Түркістанды, Бозжыраның ерекше көріністерін және Каспий теңізі жағалауын, табиғи інжу-маржанға айналған Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, туристік Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтыды.
Жобаның ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында, елімізде "Qazaqstan" ұлттық арнасында өтеді.
Жобаға "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Астана, Алматы қалаларының және Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстары әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, демеушілер ретінде "Qarmet", "Қазақмыс", "Алтын Алмас" компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры да атсалысты.