Димаш Құдайберген атқарушы продюсер болған "Voice Beyond Horizon" атты жаңа музыкалық жобаның дебюттік эпизоды Қытай медиакеңістігінде сенсация жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьера Қытайдың CVB желісінде, CSM ұлттық желісінде және CSM71 қалалық желісінде аймақтық спутниктік телеарналар арасында сенімді түрде көш бастады. Сондай-ақ KuYun және Huanwang рейтингтерінде аймақтық спутниктік арналар арасында бірінші орынға ие болды.
Көрермен қызығушылығының ауқымы сандық платформалардан алынған статистикамен расталып отыр.
Стримингтік платформаларда тікелей эфирдегі трансляциялардың жиынтық қамтуы 102 млн қаралымнан асты. Ал әлеуметтік желілерде жобаға қатысты 143-тен астам тақырып талқыланған.
"Алты елден (Италия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия және Сербия – ред.) келген сегіз әртістің және жобаның бастамашысы Димаш Құдайбергеннің әсерлі өнер көрсетуі әлемге Ұлы Жібек жолының симфониясын естуге мүмкіндік берді", – деп хабарланды әртістің сайтында.
Қазақстан атынан қатысқан Нұржас Садырбаев шоудың бірінші шығарылымында жеңіске жетті. Қытайлық әнші Цай Ченгью екінші орынды, ал итальяндық қатысушы Джулия Фальконе үшінші орынды иеленді.
Музыкалық жобаның тұсаукесері 5 ақпанда өтті. Бағдарлама әр бейсенбі сайын сағат 22:00-де Hunan TV телеарнасы және Mango TV платформасынан көрсетіледі.