Қазақстанның жас әншісі Димаш Құдайбергенов Қытайда өтіп жатқан "I am a singer" байқауының екінші кезеңінде тағы да топ жарды. Отандасымыз өзіне берілген тапсырманы жүз пайыз орындады. Бұл туралы әншінің менеджері Алпамыс Шаримов фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды baq.kz.
"Тағы да, сүйінші! Жеңіс қолда, ағайын! Димаш қойылған тапсырманы 100% орындады. Халық бірінші орын берді. Димаш "қазақтың Витас" емес, "қазақтың Димашы" екенін дәлелдеді! Бұл – екінші жарыс күні! Алда, әлі талай сын бар!", – деп жазды Алпамыс Шаримов.
22 жастағы әнші Витастың "Опера№2" әнін орындады. Бұған дейін Димаш әйгілі әншінің ең қиын композициясын екі тон жоғары орындауға уәде берген еді.
Қытайда өтіп жатқан "I Am a Singer" байқауы 14 кезеңнен тұрады. Отандасымыз үшін ән байқауы өте сәтті басталды. 2 млрд халыққа өнерімен Қазақ елін танытып жүрген Димашқа алдағы кезеңдерде тек сәттілік тілейміз.