Қытайдағы "Singer 2017" ән байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайбергеновтің әріптесіне көрсеткен бауырмалдығы қытайлықтарды тағы жылатты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
Байқаудың 3-ші кезеңінде Қытай елі атынан қатысып жатқан танымал әнші Иуан Ияүй келесі айналымға өте алмай, жобамен қоштасуға тура келді. Осы сәтте әріптесіне жылы сөздер арнап, бауырмалдық танытқан Димаш Құдайбергеновтің әрекеті қытайлықтардың жүрегін елжіретіп жіберді. "Мен жобаға алғаш келгенде, бұл ортада ешкіммен тілдесе алмай құлазып жүретін шығармын деп ойлаған едім. Иуан Ияүй мені көре салып бірден танысып, әңгімелесіп, ашық жарқын мінез танытты. Осы аз уақыттың ішінде біз бір-бірімізге бауыр басып қалдық", - деп ағынан жарылды Димаш. Сонымен бірге Димаш Құдайбергенов қытайлық әншіге жігер беріп, оны құшақтап, "Сен өте мықты әншісің! Мен сені жақсы көремін!" деп, бетінен сүйген болатын.