Қарашаның 21-і күні Димаш Құдайберген Прагада "Stranger" гастролі аясындағы жеке концертінің алдында әншінің шоуының медиа серіктесі болып табылатын ÓČKO TV чех телеарнасының студиясына шақырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Димаш телеарна студиясының жанында жанкүйерлерімен кездесті. Өнерпаздың жанкүйерлері сүйікті әртісін көру үшін алдын ала жиналған болатын. Әуел бастан Димаштың концерттерін мүлт жібермейтін Dears пен осы қауымдастыққа біртіндеп қосылып келе жатқан басқа да жанкүйерлердің арасында чех, қазақ, орыс, ағылшын, испан, қытай және басқа да ұлт өкілдері болды.
Жанкүйерлерінің бірі оған елінің туына қолтаңба жазып беруін өтінген. Әнші бұдан бас тартты.
“Бұл – ту. Қазақстанның туы немесе басқа елдің туы болсын. Мен туға қол қоя алмаймын. Мен кіммін сонша?! Туға деген құрметім үшін қол қоя алмаймын, кешірім өтінем, – деді әнші.
Бағдарлама басталар алдында Димаш жанкүйерлерімен сөйлесіп, қолтаңбасын беріп, жылы лебізін білдірді.
"Маған деген сүйіспеншіліктеріңіз бен қолдауларыңыз үшін алғысым шексіз. Менің өнерімнің ары қарай шарықтауының негізгі себебі сіздердің маған деген махаббаттарыңыз. Сіздердің шынайы қолдауларыңыздың арқасында жанкүйерлеріме деген махаббатымның белгісі ретінде ертең мен өнерімді жан-жақты көрсетуге дайынмын. Барлықтарыңызға Құдай разы болсын. Осындай мүмкіндіктерді тудырып жаттқан Аллама сансыз шүкірлер айтамын! Сондай-ақ, сіздердің арқаларыңызда менің танымалдылығым бұрынғыдан да арта түскендей болды. Сіздерге көп рақмет! Ертең концертте кездескенше", – деді Димаш.