Кеше Димаш Құдайбергеновтың тыңдармандары көптен күткен "Бастау" шығармашылық кеші өтті. Концерт алдында болған баспасөз мәслихатында әншінің әкесі кеште тек жанды дауыспен ән шырқалатынын жеткізген болатын.
Концертке келуіші көрермендердің кедергісіз жетуі үшін Астанада алдын-ала екі маңызды жол да жабылған еді.
"Астана Арена" стадионында өткен концерттің басында ҚР спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлеп, Димашқа сәттілік тіледі.
30 мың орындық аренадағы кеш 2,5 сағатқа жалғасты. Бес бөлімнен тұрған концертте әнші көрермендер алдында әртүрлі образда көрінді.
Димаш халық әні "Дайдидауды" орындамас бұрын, сахнада жүз домбырашымен бірге күй тартты, төрт тілде ән шырқады: қазақ, ағылшын, қытай және француз. Олардың арасында оның әлем елдеріндегі жанкүйерлері сүйіп тыңдайтын SOS d'un terrien en détress, All by myself және басқалары бар.
Бұл кешке алыс-жақын шет елдерден, соның ішінде Қытай, Ресей, Украина, АҚШ және Еуропадан жүздеген конақ келді. Димашпен бірге бір сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Қытайдың белгілі әншісі Терри Лин, Евровидение-2012 жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлыбритания әншісі Софи Элис Бекстор және ресейлік орындаушы Кристина Орбакайте өнер көрсетті.