Димашқа қазақи костюм тігетін шеберхана астанада "үздік" атанды

1192

Нұр-Сұлтанда "Қазақстанның үздік тауарлары" атты қалалық көрме-байқау өтті. Отандық өнімдер байқауына 100-ге таяу компания қатысты.

Димашқа қазақи костюм тігетін шеберхана астанада "үздік" атанды

Көрме мен марапаттау рәсімі Е.Рахмдиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда өтті. Іс-шараны қала әкімдігі мен қалалық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Іс-шарада қатысушылар үш номинация бойынша сынға түсті.

"Халыққа арналған үздік тауарлар" номинациясында трикотаж және тоқылған бұйымдар, аяқ киім, сыртқы киім, балалар киімдері, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдар, былғары, киіз және ағаштан жасалған бұйымдар, медициналық бұйымдар, жиһаз, полиграфиялық және парфюмерлік-косметикалық өнімдер және металл пластик өнімдер ұсынылды.

"Абишев" жеке кәсіпкерлігі осы аталым бойынша жеңімпаз болды. 

"Артист пен әншілерге ұлттық нақыштағы киім тігеміз. Өзіңіз көріп тұрғандай, Димаш Құдайберген, Ержан Мақсым сынды әншілерге киім тігіп бердік. Димаш Қытайда жүлде алған байқауда біздің костюмді киген болатын. Марқұм Денис Тен Қазақстанға әлемдегі әріптестерін шақырғанда біздің костюмді киді. Театрлық қойылымдарға қажетті костюмдерді тігеміз. Мысалы, жуықта ғана "Қыз Жібек" қойылымына топтама әзірледік", - дейді кәсіпкерліктің өкілі Бақытты ханым.

Ал "Үздік азық-түлік тауарлары" аталымында макарон, шұжық, ет өнімдері, глютенсіз жартылай дайын фабрикаттар, ірімшік, балмұздақ, ұн және нан-тоқаш өнімдері сарапқа салынды.

Нан өнімдерін әзірлейтін "Жеті аспан" жеке кәсіпкерлігі топ жарды. Олар ашытқы, ұйытқы және зәйтүн майын қосып пісіретін италиялық бидай наны – чиаббатта арқылы кеңінен танымал.

"11 жылда бері жұмыс істеп келеміз. Біз Galmart супермаркетінің өкіліміз. Қаланың үздік тауары байқауына бірінші рет қатысып тұрмыз. Сонда да бірінші орын алдық", - дейді компания өкілі Рамазан.

Үшінші номинация – "үздік өндірістік тауарлар" деп аталады. Онда жарық диодты, темірбетон өнімдері, желдетуге арналған сүзгілер, лифтілік, эскалаторлық және траволаторлық жабдықтар, пластикалық құбыр, полиэтелен құбыр, мұнара крандары, жоғары вольтты жабдықтар шығаратын компаниялар сынға түсті. 

"Фирма Алкон+" компаниясы бірінші орын алды.

"Пластик, алюминий және шыны сынды материалдардан әртүрлі құрастырылым жасаймыз. Қаладағы көптеген ғимараттың есік-терезесі, сыртын қаптайтын бұйымдар – көп нәрсе бізден шыққан. Шыны заттар арнайы принтерден шығарылады. Мысалы, қазір салынып жатқан ең үлкен мешіттің витраждарының шынысы – біздікі. Нарықта жүргенімізге  жыл болды. Компаниямызда 300-ге жуық адам жұмыс істейді", - дейді компания өкілі Гүлжан Нұрмұханов. 

Жеңімпаздарды қала әкімі Алтай Көлгінов марапаттады.

Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Президенттің қатысуымен болатын республикалық байқауға жолдама алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу