Бүгін, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні дүние есігін ашқан астаналық сәбилердің ата-аналарына сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мерекелік шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Светлана Айтбаева арнайы қатысты.
Мереке күні өмірге келген сәбилер мен олардың аналарына министр Аида Балаеваның атынан құттықтау хаттары мен сыйлықтар табысталды.
Светлана Айтпаева әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің арнайы қолтаңбасы бар сыйлықтарды да тарту етті. Жас аналарға жылы лебіздерін жеткізіп, сәбилерге ұзақ ғұмыр тіледі.
"Іс-шараның негізгі мақсаты рәміздер күнінің маңызын ұғындыра отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, отбасылық құндылықтар мен жаңа өмірдің бастауын елдік мүддемен байланыстыру болды", – деп түсіндірді ведомстводан.