Жобаны мұғалім Паола Ромина Профета ұйымдастырған. Бір оқу жылы бойы оқушылар "Есімдер мен бірегейлік: Қазақстанмен танысудан өз өмірлік жолыңды таңдауға дейін" атты зерттеу жұмысымен айналысты.
Алғашқы кезеңде қатысушылар "Қазақстан" атауының шығу тарихын, елдің мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихы мен музыкалық мұрасын зерделеді. Осы ізденістердің нәтижесінде олар "Аргентиналық болу нені білдіреді?" деген сауалға жауап іздеп, ұлттық бірегейлік тақырыбын талқылады.
Жоба барысында екі елдің табиғи ерекшеліктері де салыстырылды. Оқушылар Шарын шатқалы мен Кебрада-де-лас-Кончас, Қайыңды көлі мен Вилья-Трафуль, сондай-ақ Торыш аңғары мен Аргентинадағы Айлы аңғардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына талдау жасады.
Зерттеудің маңызды бөлігі Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналды. Оқушылар оның Love’s Not Over Yet бейнебаянын көріп, мазмұнына талдау жасап, оқиғаның өз нұсқаларындағы жалғасын ұсынды. Сонымен қатар олар әншіге хат жазып, Аргентинаға қонақ болып келуге шақырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Димаш оқушылар үшін талантымен, еңбекқорлығымен және ұлттық құндылықтарды әлемге таныта білген тұлға ретінде үлгі болған.
Жобаның соңғы кезеңінде оқушылар өз есімдерінің тарихын зерттеп, "Мен кіммін?" және "Болашақта қандай адам болғым келеді?" деген маңызды сұрақтарға жауап іздеді.
Жыл бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесі ғылыми жәрмеңкеде таныстырылды. Көрмеде Қазақстан мен Аргентинаға арналған арнайы экспозициялар, екі елдің табиғаты мен мәдениетін салыстырған материалдар, сондай-ақ оқушылардың өмірлік мақсаттары мен құндылықтарына арналған зерттеу жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.